Өзбекстан мен Ресей толыққанды ынтымақтастықты нығайтуға ниетті
Кеше Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігінің Мәскеудегі меншікті тілшісі.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу басында Шавкат Мирзиеев шағын форматта жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың екіжақты қатынастарының қазіргі жай-күйіне жоғары баға берді.
Бұл сапарға дайындық шеңберінде жоғары деңгейде бірқатар іс-шаралар өткені, оның ішінде Үкімет басшылары деңгейінде бірлескен комиссияның төртінші отырысы, медициналық форум, ректорлар мен өңірлер форумдары сәтті ұйымдастырылғаны атап өтілді. Өнеркәсіптік кооперация қарқынды дамып келеді. Өзбекстанда Ресей инвестицияларының көлемі өсуде.
Президенттер өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың маңызды екенін мәлімдеді. 4 қазан күні Қазан қаласында өткен Өңіраралық ынтымақтастықтың үшінші форумында 3,5 млрд доллар болатын келісімдер мен келісімшарттарға қол қойылған.
Өңірлер бөлінісінде өнеркәсіптік кооперацияның жеке «Жол картасын» дайындау туралы уағдаластық орнады. Сондай-ақ, кездесуде Ресейде еңбек ететін өзбекстандықтар үшін әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.
Бір күн бұрын Бүкілресейлік көрме орталығында жаңартылған Өзбекстан павильоны ашылып, ондағы бай және алуан түрлі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа жоғары баға берілді. Мәскеудегі «Лазги» ұлттық балетінің премьерасы, өзбек киносының күндері, Өзбекстандағы «Орыс маусымы» жобасының іс-шаралары сынды маңызды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған.
Президенттер өзара қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық күн тәртібі мәселелерін талқылаған. Келіссөздер қорытындысы бойынша Ресей мен Өзбекстан көшбасшылары жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарын тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Екі ел президенттерінің қатысуымен олардың үкіметтері мен министрліктері арасында 10 құжат қабылданды. Олардың қатарында Самарқанд қаласында РФ Бас консулдығын құру, уәкілетті экономикалық оператор институттарын өзара тану, «Агроэкспресс» жедел теміржол тасымалдары жобасын іске асыру, сыртқы істер министрліктері арасындағы 2024-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы, сондай-ақ көлік, ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық жөнінде бірқатар құжат бар.
Бұған дейін Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиеев 5 қазанда Владимир Путиннің шақыруымен Ресей Федерациясына ресми сапармен барғаны хабарланған болатын. Қазан қаласында Шавкат Мирзиеев Татарстан басшысы Рустам Миннихановпен келіссөздер жүргізді.
Мәдибек Жәнібеков