Өзбекстан өкілі World Boxing ұйымында Головкиннің орынбасары болды
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан бокс федерациясының бас хатшысы Миршохид Тиллабоев Геннадий Головкин басқаратын World Boxing халықаралық ұйымының вице-президенті болып сайланды, деп хабарлайды Boxing Uzbekistan Telegram арнасы.
Сайлау 20 қарашада Панама қаласында өткен World Boxing конгресінде өтті.
Өзбекстан бокс федерациясының мәліметінше, дауыс беруге 95 ұлттық бокс федерациясының өкілдері қатысқан. Дауыс беру қорытындысы бойынша Миршохид Тиллабоев қарсыластарынан әлдеқайда көп дауыс жинап, World Boxing ұйымының вице-президенті болып сайланды.
Осылайша ол World Boxing ұйымында жоғары басшылық қызметке сайланған Өзбекстанның алғашқы өкілі атанды.
Айта кетейік, бұл лауазымға қазақстандық спорт қайраткері Рауан Игенев те үміткер болған еді.
Сонымен қатар бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланғаны хабарланған болатын.