Өзбекстан президенті жемқорлықпен күреске жауапты 117 шенеунікті қызметінен босатуды тапсырды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық кеңестің кеңейтілген отырысын өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Оның барысында Өзбекстан басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысын сынға алды. Шавкат Мирзиёевтің айтуынша, ведомство тек статистикамен айналысып, қылмыстардың алдын алуға ден қоймайды.
— Агенттік қызметкерлері министрліктер мен өңірлерге барып, мәселені нақты шешудің орнына қозғалған қылмыстық істердің санын ғана есептеумен айналысып келеді. Яғни, ведомство статистистика құрылымының қызметін атқарып отыр, — деді Өзбекстан басшысы.

Ол атап өткендей, елдегі жемқорлық қылмыстарының 75%-ы аудандар мен махалляларда анықталған. Мәселен, парақорлық деректері нысандарды орталық инфрақұрылымға қосу, лицензия алу, жеңілдікпен берілетін несие ұсыну және жұмысқа қабылдау кезінде жиі тіркеледі.
Тиісінше, Шавкат Мирзиёев салаға жауапты ведомство қызметкерлерінің жұмысын жетілдіруді тапсырды. Осыған байланысты Өзбекстан басшысы премьер-министр Абдулла Ариповқа 117 министрлік пен мемлекеттік органдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына жауапты мамандарды жұмыстан босатуды тапсырды.
— Олардың орнына адал, білімді әрі кәсіби кадрларды тағайындау қажет. Сәйкесінше, оларға нақты міндеттер жүктеу маңызды. Бұдан басқа, министрлер өз ведомстволарындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін саяси жауапкершілік алуы тиіс, — деді Ш. Мирзиёев.
Еске салайық, былтыр Өзбекстанда қылмыстық жауапқа тартылған лауазымды тұлғардың саны 37,2%-ға өсті. Тиісінше, жемқор шенеуніктер мемлекетке $278,3 млн залал келтірді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда жемқорлыққа бейім келетін шенеуніктерді ерте анықтау тәжірибесі енгізілмек.
Сонымен қатар, былтыр көршілес елде экономиканың дамуына селқос қараған 300-ге жуық шенеунік жұмыстан босатылды.
Мұнымен бірге, Өзбекстанда инвестиция тарту ісінде олқылыққа жол берген бірқатар жоғары лауазымды шенеунік қызметін босатқан болатын.
Сонымен қатар, 2024 жылы Өзбекстанда мемлекеттік қызметте жүріп, кәсіпкерлік субъектілеріне иелік еткен министрліктердің 398 маманы анықталды.