Өзбекстан сәуірдің соңына дейін ресейлік «Спутник V» вакцинасының 300 мың дозасын алады
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Ресейлік «Спутник V» вацинасының алғашқы 300 мың дозасы Өзбекстанға сәуір айының соңына дейін жеткізілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы бүгін өткен Коронавируспен күрес жөніндегі республикалық комиссияның кеңейтілген отырысында Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдолла Әріпов мәлімдеді.
«Осы айдың соңына дейін ресейлік «Спутник V» вацинасы вакциналауға қосылады. Елге жеткізілетін «Спутник V» вацинасының алғашқы көлемі 300 мың дозаны құрайды», - деді А.Әріпов.
Үкімет басшысы Өзбекстан бастапқыда әртараптандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірнеше вакцина сатып алуды жоспарлағанын атап өтті.
«Біздің стратегиямызға сәйкес біз бастапқыда үш вакцинаны жоспарладық. Айдың аяғында Қытай вакцинасының тағы 1 миллион дозасы жеткізіледі деп күтілуде. Шарт жасалды, ақша төленді, барлық мәселелер, соның ішінде рейстер анықталды. Егер біреуі жеткізе алмаса, келесі бірі жеткізеді», - деп мәлімдеді Өзбекстан Премьер-министрі.
Еске сала кетейік, Өзбекстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау 1 сәуірде басталды. Екі апта ішінде 300 мыңнан астам адамға екпе салынған. Халықты вакциналау сәуірде ірі қалаларда, мамырда аудан орталықтары мен шағын қалаларда, маусым айында ауылдық жерлерде жүреді. Вакцинация екі препаратпен, еуропалық AstraZeneca вакцинасымен және ZF-UZ-VAC2001 қытай-өзбек вацинасымен жүргізілуде.
Автор: Мәдібек Жәнібеков