Өзбекстан Сенаты өзбек әліпбиіне өзгерістер енгізуді мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан Сенаты латын графикасына негізделген өзбек әліпбиіне өзгерістер енгізуді көздейтін заңды мақұлдады. Енді әліпби қолданыстағы 26 әріп пен үш әріп тіркесінің орнына 28 әріп және бір апостроф белгісінен тұрады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі UzA-ға сілтеме жасап.

Өзбекстан Сенаты өзбек әліпбиіне өзгерістер енгізуді мақұлдады
Фото: УЗА

«Латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін енгізу туралы» Өзбекстан Республикасының заңына өзгерістер енгізуді көздейтін құжат Сенаттың жалпы отырысында қаралды.

Құжатты таныстырған Сенаттың ғылым, білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Одилжон Маматкаримов елде өзбек тілін дамытуға және оның мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Өзгерістерге сәйкес, өзбек әліпбиі қазіргі 26 әріп пен үш әріп тіркесінің орнына 28 әріп пен бір апостроф белгісінен тұрады.

Бұл ретте бұрын рәсімделген құжаттарды жаңартылған әліпбиге байланысты қайта ауыстыру қажет болмайды. Заң күшіне енгенге дейін берілген құжаттар өз күшін сақтайды. Ұлттық валюта мен бағалы қағаздар да айналымда қала береді.

Қолданыстағы әліпбимен жазылған маңдайшалар, көрсеткіштер және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жекелеген белгілерін физикалық тозғанға дейін немесе белгіленген пайдалану мерзімі аяқталғанша қолдануға рұқсат етіледі.

Талқылау барысында сенаторлар жаңа әріптерді енгізу кезінде туындауы мүмкін техникалық қиындықтарды да көтерді.

Цифрлық технологиялар министрінің кеңесшісі Нурилло Абдуллаев қазіргі уақытта бірыңғай техникалық стандарт әзірленіп жатқанын, ақпараттық дерекқорларға аудит жүргізіліп, әліпбидегі өзгерістерді ескере отырып іздеу жүйелері жетілдіріліп жатқанын айтты.

Сенаттың мәліметінше, заң латын графикасына негізделген өзбек әліпбиі мен емле ережелерін жетілдіруге, мемлекеттік тілді қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге және оны одан әрі цифрландыруға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанның Заң шығару палатасы (парламенттің төменгі палатасы) латын қаріпіне негізделген өзбек әліпбиіне өзгеріс енгізу туралы заңды қабылдап, құжатты Сенатқа жолдағанын хабарлағанбыз.