Өзбекстан тәуелсіздігінің 31 жылдығын атап өтті

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанда елдің басты ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күні тойланды. Биыл республика тәуелсіздіктің 31 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Өзбекстан тәуелсіздігінің 31 жылдығын атап өтті

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің қатысуымен мерекелік іс-шара былтыр республиканың мерейтойына арнайы салынған «Жаңа Өзбекстан» саябағында өтті.

«Жылдар, ғасырлар өтеді. Бірақ, біздің ұлттық мемлекеттілігімізді, болмысымызды және адами құқығымызды қалпына келтірген Тәуелсіздік күні – барлық жетістігіміз бен белесіміздің негізі. Біз үшін, біздің болашақ ұрпағымыз үшін әрқашан ең ұлы және қымбат мереке болады», - тдеді Шавкат Мирзиеев салтанатты сөзінде.

Өз сөзінде Өзбекстан басшысы алдағы бес жылда ел дамуының басты бағыттарына айналатын бес басымдықты атап өтті.

Біріншіден, білім беру саласында заманауи білім мен дағдыларды алу үшін барынша қолайлы жағдай жасалады. Осы мақсатта мектеп бағдарламалары, оқыту әдістемесі, оқулықтардың мазмұны түбегейлі қайта қаралады.

Екіншіден, кез келген даулы мәселенің әділ шешімін тек сот табуы керек. Судьялардың жұмысына араласу қатаң жазаланады, олардың еш кедергісіз жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатын болады.

Үшіншіден, бизнесті дамыту есебінен қосымша жұмыс орындары ашылып, кедейшілік азаяды, халықтың табысы артады. Бұл үшін жекеменшік пен кәсіпкерлік жолындағы барлық кедергілер жойылады. Мемлекеттік басқару реформаланады, ал мемлекеттің экономикаға қатысуы күрт қысқарады.

Төртіншіден, денсаулық сақтау жүйесінде халықтың неғұрлым сапалы және білікті медициналық қызметтерге қолжетімділігі кеңейтілетін болады. Адамдарға медициналық қызметтер қолжетімді болу үшін барлық аймақтарда жедел медициналық көмек көрсету көлемі артады.

Бесіншіден, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда болады. Салаға құйылатын инвестиция көлемі күрт көбейтіледі.

«Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялау туралы» қаулы 1991 жылы 31 тамызда Өзбекстан КСР Жоғарғы кеңесінің кезектен тыс сессиясында қабылданған. Сол құжатқа сәйкес, 1 ​​қыркүйек – Өзбексатнның тәуелсіздігі күні болып жарияланды.