Өзбекстан ТМД-дан қандай пайда көріп отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан президенті жанындағы Аймақаралық және стратегиялық зерттеулер институтының директоры Владимир Норов ТМД-ның тиімділігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, ТМД - өте маңызды құрылым. Аталған ұйым Өзбекстанның еркін сауда аймағы бойынша ортақ мақсаттарға жетуіне мүмкіндік беріп отыр.
«Біз сауда-экономикалық байланысымызды ретке келтірдік. Ол - бір. Екіншіден, қауіпсіздік мәселесі шешіліп отыр. Соның ішінде экстремизм, терроризм, есірткі саудасы және тағы басқа трансұлттық қылмыстармен күрес шаралары жүргізіледі. Бұдан бөлек, әскери-техникалық салада ынтымақтастық байланыстарымыз күшейіп келеді. Сондықтан, біз «ТМД-ның маңыздылығы әлсіреп барады» дейтіндермен келіспейміз. Өзбекстан ТМД-ның құрылымдарына қатысуды күшейте бермек. Оны біздің президентіміз Сочи қаласында өткен соңғы саммитте де айтқан. Содан бері біз аталған ұйымның он бірдей құрылымына қосылдық», - деді В.Норов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Соңғы жиында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 2020 жылғы ТМД саммитін өз елінде өткізуді ұсынды.
«Осыған байланысты келесі жылдың соңында біз саммитті өткізу тұжырымдамасын ұсынамыз. Сол кезде төрағалық бізге беріледі», - деп атап көрсетті В.Норов.
Айта кетейік, ертең, 28 қыркүйекте Тәжікстан астанасы - Душанбе қаласында ТМД мемлекет басшылары кеңесінің кезекті саммиті өтеді. Сол жерде бірқатар құжаттарға қол қойылады.