08:50, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Өзбекстан Жаңа Ангрен жылу-электр стансасын жаңартуды бастайды
ТАШКЕНТ. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Расул Бахамов/ – Өзбекстанда қытай капиталының қатысуымен Жаңа Ангрен жылу-электр стансасын жаңартуға әзірлік жұмыстары жүргізілуде. «Өзбекэнерго» мемлекеттік-акционерлік компаниясы стансаны жаңарту жөніндегі жұмысты бірнеше кезеңде жүргізбек,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жетілдіру жөніндегі жұмыстар кешенді жүргізіледі, оның барысында қуаты 300 МВт жаңа сегізінші энергоблокты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен бірге, жылу-электр стансасына көмір жеткізілетін Ангрен көмір разрезін де қайта жарақтандыру жоспарланған. Оңтүстік Қазақстан облысы мен Ташкент облысы басшыларының және екі өңірдің іскер топ өкілдерінің кездесуі барысында аталмыш кенішке қазақстандық кәсіпкерлер ықылас танытқан болатын. Ангрен жылу-электр стансасын жаңарту жобасы «Өзбекэнерго» мемлекеттік-акционерлік компаниясының, Өзбекстанның Қайта құру және даму қорының (елдің арнайы тұрақтандырушы қоры) және 120 миллион доллар бөлетін қытайдың «Эксимбанкінің» қаражаты есебінен қаржыландырылады. Бұл қаражат Шанхай ынтымақтастығы ұйымының арнайы бағдарламасы аясында тартылатын болады. Жаңа Ангрен стансасы Ташкент облысының халқы мен жетекші өнеркәсіптік нысандарын энергиямен қамтамасыз етеді.