Өзбекстан «Жаңа Ташкент» халықаралық әуежайының құрылысын бастайды
АСТАНА.KAZINFORM - «Жаңа Ташкент» халықаралық әуежайының құрылысы 2026 жылдың маусым айында басталады деп жоспарланған. Бұл туралы Өзбекстан көлік министрінің орынбасары Жасурбек Чориев Самарқандта өткен Азия даму банкінің жыл сайынғы отырысы аясында мәлімдеді, деп хабарлайды gazeta.uz.
Жасурбек Чориев жоба бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы келісім соңғы кезеңге аяқ басқанын және мамыр айының ортасына дейін қол қойылуы тиіс екенін хабарлады. Ол келісімге қол қойылғаннан кейін үкімет қысқаша шолу ұсынатынын, нәтижесінде жоба мақұлданып, құрылыс басталатынын айтты.
- Біз маусым айында «Жаңа Ташкент» әуежайының құрылысын бастаймыз. Бұл қазірдің өзінде нақтыланған шешім, - деді ол.
«Жаңа Ташкент» халықаралық әуежайын Ташкент облысында салу жоспарланған. Жоба 1300 гектар аумаққа жоспарланған және 11 миллион жолаушы қабылдауға арналған.
Жаңа әуежай салу туралы шешім Ташкентке жолаушылар ағынының соңғы сегіз жылда үш есеге артып, жылына 9 миллион адамға жеткеніне және 2040 жылға қарай 24 миллионнан асатынына байланысты туындады.
- Біз қазіргі әуежайымыздың 2029 жылға қарай толық қуатына жететінін түсінеміз. Сондықтан біз ұшақтарды қабылдау және жіберу сыйымдылығы кем дегенде екі есеге артатын жаңа әуежай ашуымыз керек, - деді Чориев.
Бұған дейін Қырғызстанда алғаш рет ұшақ бортында сән көрсетілімі өткенін хабарлаған едік.