Өзбекстан Жаңа жылдан бас тартпақ
АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Өзбекстанның мәдениет министрлігі елдің барлық театрларына жаңажылдық басты кейіпкерлер Аяз Ата мен Ақшақарды басқаша атауды ұсынды.
Бұл туралы ташкенттік театрлардың бірінің әртісі айтты, деп хабарлады Утро.ру.
Оның мәліметтерінше, актерлерге Аяз Атаны Жұлдызды Сиқыршы, ал Ақшақарды - Жұлдызды Перизат деп атау ұсынылды. Мұндай тиісті ұсыныс қараша айында, ташкенттік театрлар көркемдік жетекшілерінің мәдениет және спорт министрі Тұрсынали Кузиевпен өткен кеңесінде берілген сыңайлы.
Бұдан бұрын «Узметроном» сайты билік Жаңа жылға арналған өзбек телеарналарында Аяз Атаны, Ақшақарды, Мыстан кемпірді және басқа да орыс ертегілерінің кейіпкерлерін көрсетпеуді ұсынғанын хабарлаған болатын. Содан бір апта өткеннен кейін осы басылым, өзінің дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Ташкенттің аудандық әкімшіліктерінің әкімдері (хокимдер) жергілікті дәмханалар мен мейрамханалардың иелерін жинап, оларға кез келген желеумен 31 желтоқсанда өздерінің мекемелерін жабуды табанды түрде ұсынған. БАҚ-тың хабарлауынша, мұндай ұсынбалар өкімет орындарының Жаңа жылды мерекелеуден бірте-бірте бас тарту ниетінен туындап отыр.