Өзбекстанда 2 жылда тұрғын үй құрылысына қатысты 5,5 мыңнан аса заң бұзушылық анықталды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен отырыста мердігерлер арасында құрылыс мәдениетін түбегейлі арттыру қажеттігі айтылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Өзбекстан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзбекстанда пайдалануға берілген үйлерде көптеген кемшілік анықталды. Атап айтқанда, кейінгі екі жылда тұрғын үй құрылысында 5,5 мыңнан астам заң бұзушылық тіркелген.
Сондай-ақ 88 жағдайда мердігерлер жобаға қайшы 1-2 қабатты қосымша үйлер салса, пайдалануға берілген 74 көпқабатты үйде құрылыс сапасында елеулі кемшіліктер анықталған.
Қазіргі уақытта мердігерлер құрылысты бастау үшін кем дегенде 5 кезеңде құжаттарды келісу керек, бұл 2 айға созылуы мүмкін.
Бұл процесті жеңілдету жоспарлануда. Енді құрылыс компаниялары «Мөлдір құрылыс» алаңы арқылы дайын жобаны бөлімдермен онлайн келісе алады. Егер кемшіліктер анықталса, оларды жою қажет болады.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау инспекциясы құрылыстың жобаға сәйкестігін тексеріп, аяқталған соң акті береді. Нысанды пайдалануға беру үшін тек екі органның – Мемлекеттік өртке қарсы қадағалау мен өрт қауіпсіздігі органдарының қорытындысын алу керек. Қажет болған жағдайда инспекция басқа сала мамандарын өз бетінше тартады.
Еске сала кетейік, Өзбекстанда 2024 жылы әкімдердің көмекшілері 309 сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған.