Өзбекстанда 3 жасар баланы пышақтап өлтірген ер адам 24 жылға қамалды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкентте өзімен бірге тұратын әйелдің 3 жасар баласын пышақтап өлтірген ер адам 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Gazeta.uz хабарлады.

Өзбекстанда 3 жасар баланы пышақтап өлтірген ер адам 24 жылға қамалды
Фото: gazeta.uz

Өзбекстан Жоғарғы сотының мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың 9 шілдесінде 30 жастағы ер адам заңды некесіз бірге тұрған әйелмен жанжалдасып қалған. Салдарынан ол әйелдің бірінші некесінен туған 3 жасар ұлын бірнеше рет пышақтаған. Осыдан кейін ер адам оқиға орнынан ізін суытқан. Баланың ауруханаға жеткенше жаны үзілген. 

29 қарашада Қылмыстық істер бойынша Мирзо Ұлықбек аудандық сотында С.М-ға (1993 жылы Өзбекстанның Ферғана облысында туған) қатысты қылмыстық іс бойынша ашық сот отырысы аяқталып, үкім жарияланды. 

Сотталушы тағайындалған жазаның алғашқы 4 жылын түрмеде, қалғанын қатаң режимдегі колонияларда өткізеді. 

Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстанда сүйген жігітін пышақтаған қыз сотталғанын жазған едік. 

Сонымен қатар биыл 10 айда Өзбекстан соттары тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарын жасаған 15 826 адамды жауапқа тартқан.