Өзбекстанда Абайдың 180 жылдығы кеңінен тойланып жатыр

TАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай түрлі мәдени және әдеби іс-шаралар легі басталып кетті. Бұл игі бастама екі ел арасындағы достық пен рухани ынтымақтастықтың жарқын көрінісі ретінде жоғары бағаланып отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Өзбекстанда Абайдың 180 жылдығы кеңінен тойланып жатыр
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Осындай тағылымды шаралардың бірі Науаи облысы, Үшқұдық ауданына қарасты, әйгілі Шәмші әніне қосқан Мыңбұлақ ауылындағы мектепте өтті. Оқушылар ақын шығармашылығын кеңінен насихаттап, оның өнегелі өмір жолын тереңірек тануға мүмкіндік алды.

– Абай – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани шамшырағы. Өзбек жұртшылығы да оны терең құрметтейді. Абайдың даналық сөзі, адамгершілікке үндеген ілімі – бүгінгі заманмен үндесіп жатыр, - деді облыстық мәдени орталық басшысы Серіжан Жанахметов.

Uchquduq-gazeta/Феруза Яндашова
Фото: Uchquduq-gazeta/Феруза Яндашова

Үшқұдық ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылында Ұлы ақынның 180 жылдығына орай «Абай – дана, Абай – дара» атты жыр бәйгесі өтті. Сайысқа аудандағы қазақ тілінде білім беретін бес мектептен оқушылар қатысты. 

Мыңбұлақтағы №11 мектеп директоры Ерлан Қонарбаевтың айтуынша, бұл бастама жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге, Абай ілімін насихаттап, сөз өнеріне, терең ой мен парасатқа баулуға бағытталған.

– Абай – қазақ руханиятының алтын діңгегі. Оның әрбір сөзі – өмірлік тағылым. Балалардың ақын мұрасын құр жаттап қана қоймай, жүрекпен ұғына білгені маңызды, - деді мектеп директоры.

Uchquduq-gazeta/Феруза Яндашова
Фото: Uchquduq-gazeta/Феруза Яндашова
Uchquduq-gazeta/Феруза Яндашова
Фото: Uchquduq-gazeta/Феруза Яндашова

Мәдени-танымдық іс-шара барысында «Бала дауысы» атты ән-байқауы да өткізіліп, Абайдың әндері шырқалды.

Uchquduq-gazeta/Феруза Яндашова
Фото: Uchquduq-gazeta/Феруза Яндашова

Сонымен қатар аудандық деңгейде футбол жарысы ұйымдастырылып, 9 мектеп командалары арасында мықтылар анықталды.

Uchquduq-gazeta/Феруза Яндашова
Фото: Uchquduq-gazeta/Феруза Яндашова

Айта кетейік, Өзбекстан мектептерінде Абай шығармалары өзбек тіліне аударылып, оқу бағдарламасына енгізілген. Бұл – жас ұрпақтың қос халықтың ортақ рухани қазыналарын терең ұғынуына үлкен жол ашып отыр.

Бұған дейін Өзбекстанда Ұлы Абайдың 180 жылдығы кең ауқымда аталып өтетінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар