Өзбекстанда адам саудасы қылмысының құрбандарын қорғау жүйесі жетілдірілмек
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев адам саудасынан зардап шеккендері анықтау, қорғау және қоғамға қайта бейімдеу жүйесін жетілдіруге бағытталған жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Құжат адам саудасының құрбандарына уақытылы көмек көрсетіп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.
Енді зардап шеккен өзбекстандықтардың көмек алу үшін түрлі мемлекеттік мекемелерге өз бетінше жүгінуі міндетті емес. Олардың жағдайы бірыңғай жүйе арқылы ерте анықталып, қажеттіліктері бағаланады. Соның негізінде азаматтарға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және медициналық көмек көрсетіледі.
Құжатта, әсіресе, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға ерекше назар аударылған. Сондай-ақ оларды қауіпсіз ортаға бейімдеу бойынша қосымша шаралар легі қарастырылған.
Еске салайық, Өзбекстанда бүлдіршінге күш қолданған тәрбиешілер енді 1 жылға балабақша жұмысынан шеттетіледі.
Сондай-ақ, Өзбекстанда әлеуметтік желідегі бейәдеп сөз үшін әкімшілік жаза енгізіледі.
Мұнымен бірге Өзбекстанда туыстар арасындағы неке үшін жаза қатаңдатылады.