Өзбекстанда бензин бағасы 15 пайызға артты

ТАШКЕНТ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Өзбекстанда бензин бағасы 15 пайызға артып кетті, деп хабарлайды осы республиканың бұқаралық ақпарат құралдары.

Өзбекстанда бензин бағасы 15 пайызға артты

Үкіметтің 10 желтоқсандағы қаулысына сәйкес Өзбекстандағы бензин бағасы 15 пайызға артты. Жұма күнгі сағат 00.00-ден бастап жанар-жағармай бекеттеріндегі Аи-80 бензині 1405 сомға немесе бұрынғы 1220 сом бағадан 185 сомға қымбат сатыла бастады (ресми курс бойынша 1 АҚШ доллары өзбектің 1635,44 сомына тең)

Аи-91 маркалы бензиннің бағасы бұрынғы 1350 сомға емес,1555 сомға сатылады, яғни 205 сомға қымбаттаған, ал Аи-95 бензині 225 сомға қымбаттап, 1500 сомнан 1725 сомға сатылатын болды.

Басылымдардың жазып өткеніндей, бензин тұтыну салығы 1 қаңтардан бастап 25 сомға артқаны ескерілместен, жыл басынан бері осымен екінші рет қымбаттап отыр. 1 шілдеден бастап жанармай бағасы тағы да 15 пайызға артқан болатын.