Өзбекстанда болған жер сілкінісі 13 адамның өмірін қиды
ТАШКЕНТ. 20 шілде. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Өзбекстанда болған жер сілкінісінен 13 адам қаза тапты, деп хабарланған «УзА» мемлекеттік ақпарат агенттігінің ақпараттық хабарламасында.
Хабарламада айтылғандай, «Ташкент» сейсмикалық стансасының мәліметінше, 2011 жылдың 20 шілдесі күні түнгі сағат 00.35-те республика аумағында жер сілкінді, жер сілкінісінің эпиорталығы Қырғызстан Республикасының аумағы бойынша оңтүстік-шығыс бағытынан 235 шақырым жерде орналасқан, ал жер дүмпуінің күші 6,5-7,0 балды құраған.
Жер сілкінісінің күші Әндіжан және Ферғана облыстарында 5 балға, Наманған облысында 4 балға, Ташкентте 5 балға жеткен.
Өзбекстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлгінің ақпаратына сүйенсек, Ферғана облысындағы Риштан, Бағдат және Өзбекстан аудандарындағы жер сілкінісі кезінде бірқатар тұрғын үйлер зардап шеккен. Соның салдарынан 13 адам қаза тауып, 86 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді, оның ішінде 35 адамды ауруханаға жатқызу қажеттілігі туындаған.
Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімовтің тапсырмасы бойынша республиканың Үкіметі төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша және зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету бойынша жедел шараларды қолға алуда.
Ел басшылығы жер сілкінісінен қаза тапқандардың отбасы мүшелеріне және жақындарына көңіл айтады.