Өзбекстанда букмекерлік кеңселердің қызметін насихаттаған 70-ге жуық сайт бұғатталды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда құмар ойындарды насихаттаған 70-ке жуық интернет-ресурс бұғатталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстанда букмекерлік кеңселердің қызметін насихаттаған 70-ге жуық сайт бұғатталды
Фото: Ақтөбе облысының прокуратурасы

Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің ақпаратынша, ведомство құмар ойынды жарнамалайтын сайттарды анықтау бойынша тұрақты мониторинг жүргізеді. Соның нәтижесінде биыл тиісті органдарға букмекерлік кеңселердің қызметін насихаттаған 86 интернет-ресурсты бұғаттау туралы хат жолданды. Тиісінше, бүгінде олардың 70-ке жуығына тыйым салынды.

Еске салайық, былтыр желтоқсанда Өзбекстанда әскери қызметшілердің казино ойнауына тыйым салынды. Тиісті заңға көршілес елдің президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды.

Қоса кетсек, енді өзбекстандықтар алаяқтар рәсімдеген несиелерді төлеуден босатылмақ. Сондай-ақ, таяуда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев вейп, оған арналған хош иістендіргіш пен сұйықтық әкелуге, сатуға және таратуға тыйым салатын заңға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар