Өзбекстанда газ, көмір және мұнай өндірісі төмендеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанда қаңтар-мамыр аралығында табиғи газ, мұнай және көмір өндірісі төмендеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері Өзбекстанда 15,8 млрд текше метр газ өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға аз.
Сондай-ақ, қамтылып отырған аралықта республикада 1,6 млн тонна көмір өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,5%-ға төмен. Әсіресе, қатты отынды қазып алу көрсеткіші мамыр айында бірден 300 мың тоннаға кеміді.
Мұнымен бірге бес айда мұнай өндірісі де 3,3%-ға қысқарды. Қаңтар-мамырда Өзбекстанда 261,9 мың тонна «қара алтын» өндірілді.
Еске салайық, былтыр Өзбекстан Ресей газының импортын 15%-ға арттырды.
Бұған дейін жазғанымыздай, Өзбекстанда үшінші жыл қатарынан газ өндірісі төмендеп барады.