Өзбекстанда газ өндіру көлемі бесінші жыл қатарынан азайып келеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 2024 жылдың қаңтарында Өзбекстанда 4 миллиард текше метр газ өндірілді, бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 7,4 пайызға аз. Ресми статистика газ өндірудің бесінші жыл қатарынан төмендегенін көрсетті.
Мемлекеттегі статистика агенттігі 2024 жылдың қаңтар айындағы өнеркәсіп статистикасын жариялады.
Мәліметке сүйенсек, Өзбекстанда қаңтар айында табиғи газ өндіру 3 миллиард 994,6 миллион текше метрді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 317,3 миллион текше метрге немесе 7,4 пайызға азайған. 2023 жылдың қаңтар айында 4 миллиард 311,9 миллиард текше метр газ өндірілген.
2021 жылы 53,8 миллиард текше метр газ өндірілсе, бұл көрсеткіш 2022 жылы 51,7 миллиард текше метрге, 2023 жылы 46,7 миллиард текше метрге дейін төмендеген.
Жалпы Өзбекстандағы газ өндіру көрсеткіші бес жыл қатарынан төмендеу тенденциясын көрсетіп келеді. Ресми статистика 2020 жылдың қаңтарында 10 пайызға, 2021 жылдың қаңтарында 4,4 пайызға, 2022 жылдың қаңтарында 2,4 пайызға, 2023 жылдың қаңтарында 7,5 пайызға, 2024 жылдың қаңтарында 7,4 пайызға төмендегенін мәлімдеді.