Өзбекстанда халық саны күн сайын 2 мың адамға өсіп жатыр

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан халқының саны күн сайын 2 мың адамға өсіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Өзбекстанда халық саны күн сайын 2 мың адамға өсіп жатыр

Өзбекстан Республикасының Статистика агенттігінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша республиканың тұрақты халық саны 36 372 276 адамды құраған. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 347,3 мың адамға артық.

«Республикамыздың тұрақты халық саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға артқан. Өзбекстан халқы 2023 жылдың әр айында орта есеппен 57,9 мың адамға өскен. Күн сайын бұл көрсеткіш 1,9 мың адамға артып отыр», - дейді агенттік.
Ведомстводан мәлім еткендей, республикада 18 306,3 мың ер адам мен 18 066,0 мың әйел тұрады. Қала тұрғындарының саны - 18 557,5 мың адамды, ауыл тұрғындарының саны - 17 815,8 мың адамды құраған.
Бұған дейін хабарлағандай, Өзбекстанның тұрақты халық саны 100 жылда 8 есеге өскен.