Өзбекстанда қауіпті өнеркәсіп нысандарындағы ереже бұзу дерегін хабарлағандар сыйақы алады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 1 тамыздан бастап жауапты ведомствоға қауіпті өнеркәсіп нысандарындағы олқылықтар туралы фото және бейнематериал жолдап, хабар берген өзбекстандықтарға ақшалай сыйақы беріледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

в
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Министрлер кабинеті тиісті қаулыны қабылдады. Құжатқа сәйкес, азаматтар Өнеркәсіп, радиация және ядролық қауіпсіздік комитетіне мына деректер қамтылған фото немесе бейнематериал жібере алады:

- өнеркәсіп, радиация және ядролық қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі жайлы ақпарат;

- нысанның мекенжайы, ержеге қайшы әрекеттің жасалған күні мен уақыты.

Өз кезегінде бұл материалдар 3 жұмыс күні ішінде қаралады. Кейін жауапты ведомство айғақтар негізінде әкімшілік іс қозғап, заң аясында шешім қабылдайды.

Фото және бейнематериал ұсынған азаматтарға Өнеркәсіп, радиация және ядролық қауіпсіздік комитетінің пайдасына өндіріп алынған айыппұлдың 20% мөлшерінде ақшалай сыйақы беріледі.

Еске салайық, былтыр өзбекстандық кәсіпорындар ауаны ластайтын шығарындыларды 2 есе қысқартуға міндеттелді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанның ірі қалаларында қоршаған ортаға залал келтіретін кәсіпорындарды ашуға тыйым салынады. Мұнымен бірге, ел үкіметі қаладағы ірі кәсіпорындарды шет аймақтарға көшіреді.