Өзбекстандық кәсіпорындар ауаны ластайтын шығарындыларды 2 есе қысқартуға міндеттелді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Экология және климаттың өзгеруі ұлттық комитеті өнеркәсіптік кәсіпорындардан 1 желтоқсанға дейін ауаны ластайтын шығарындыларды екі есе азайтуды талап етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстандық кәсіпорындар ауаны ластайтын шығарындыларды 2 есе қысқартуға міндеттелді
Фото: Өзбекстанның Экология комитеті

— Бұл талапты орындамаған кәсіпорындардың жұмысы Экология және климаттың өзгеруі ұлттық комитетінің шешімі бойынша 10 күнге дейін тоқтатылуы мүмкін, — деп мәлім етті ведомстводан.

Экологиялық талаптарды елемеген кәсіпорындарға әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолданылуы ықтимал. Аталған шара республиканың ірі қалаларындағы ауа сапасының нашарлауына байланысты қабылданып отыр.

Айта кетейік, кейінгі 10 күннен бері Өзбекстан астанасындағы экологиялық ахуал күрделене түсті. Атап айтқанда, қамтылып отырған аралықта Ташкенттегі ауа сапасы зиянды деп танылды.

Тиісінше, жауапты ведомство бас шаһардағы субұрқақтарды қайта іске қосты. Сонымен қатар, көшелерге арнайы көліктермен су шашып, шаңды басу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанның ірі қалаларында қоршаған ортаға залал келтіретін кәсіпорындарды ашуға тыйым салынады. Мұнымен бірге, ел үкіметі қаладағы ірі кәсіпорындарды шет аймақтарға көшіреді.

Қоса кетсек, бүгін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның экология министрлері Самарқандта бас қосып, Орталық Азиядағы жабайы фауна мен флораны сақтау жөніндегі декларацияға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар