Өзбекстанда кітап оқығаны үшін әскердегі қызмет мерзімі қысқаруы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы әскери қызметті өтеу тәртібін жетілдіруді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.
Заң жобасына сәйкес, республикалық кітап оқу байқауында жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздардың әскери қызмет мерзімі бір айға қысқартылады.
Бұл шара әскери қызметшілер арасында кітап оқуды насихаттауға, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ сарбаздардың рухани және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған.
Құжат ұшқыштар даярлайтын отандық және шетелдік жоғары әскери оқу орындарының түлектерімен жаңа келісімшарт жасасудың құқықтық негіздерін айқындауды көздейді.
Айта кетейік, Қазақстан Қарулы күштерінде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған талап енгізілген. Оған сәйкес, әрбір сарбаз мерзімді әскери қызмет барысында кемінде бес кітап оқуға міндетті.
Бұған дейін Өзбекстан Сенаты кітап оқығаны үшін сотталғандардың жаза мерзімін қысқартуды көздейтін заң жобасын мақұлдаған болатын. Құжатқа сәйкес, әрбір оқылған кітап үшін жаза мерзімі үш күнге қысқартылады.