Өзбекстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған ауқымды бағдарлама бастау алды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Көршілес елдің президенті Шавкат Мирзиёев Өзбекстанда оқу мәдениетін дамыту бағытталған жаңа бағдарламаны іске қосты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Ташкенттегі Халықаралық конгресс-орталықта бастау алған бағдарлама «Ұлттық оқу қозғалысы» деп аталады. Оның мақсаты - мектеп оқушылары арасында кітап оқу мәдениетін дамыту.
- Мен бұл бағдарламаны кітап оқу сайысы ғана емес, сондай-ақ еліміздің болашағына бағытталған стратегиялық инвестиция ретінде қарастырамын. Бүгін біз балаларға санаға серпіліс жасайтын еңбектерді оқытсақ, ертең олар жаңа Өзбекстанның келешегін құруға жұмылады, - деді Шавкат Мирзиёев.
Жыл сайын ұйымдастырылатын бағдарлама аясында балалар кітап оқып сайысады. Оның қорытынды кезеңі ел президентінің қатысуымен өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 240 мың доллар. Бұл ретте жеңімпазға 50 мың доллар табысталады. Оған бірінші сыныптан 11 сыныпқа дейінгі оқушылар қатыса алады.
Іс-шара соңында Шавкат Мирзиёев оқушыларды, мұғалімдер мен ата-аналарды жаңа бағдарламаға белсенді қатысуға шақырды.
Бұған дейін хабарлағанымызлай, әлемге әйгілі 1 000 кітап өзбек тіліне аударылады.
Сонымен қатар Өзбекстанда көп кітап оқыған шенеуніктерге ақшалай сыйақы берілмек.
Мұнымен бірге Өзбекстанда кітап оқыған сотталғандардың жаза мерзімі қысқарады.