Өзбекстанда көп кітап оқыған шенеуніктерге ақшалай сыйақы берілмек

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Оқу мәдениетін дамыту және халықтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру жөніндегі шаралар» қаулысына қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстанда көп кітап оқыған шенеуніктерге ақшалай сыйақы берілмек
Фото: Өзбекстанның Ұлттық кітапханасы

Әділет министрлігінің мәліметінше, құжаттың негізгі мақсаты — 2030 жылға қарай әр адамды орта есеппен жылына 10 кітап оқуға дағдыландыру, ынталандыру.

Сондай-ақ, қаулыда жазылғандай, ең көп кітап оқыған мемлекеттік қызметшілерге айлық жалақы мөлшерінде сыйақы беріледі.

— Министрліктер мен ведомстволарда конкурс нәтижесі бойынша ең көп кітап оқыған қызметкерге бір айлық жалақы мөлшерінде ақшалай сыйақы төленеді, — делінген Әділет министрлігінің хабарламасында.

Құжатқа сәйкес, 1 сәуірге дейін әр мемлекеттік мекемеде «Кітап бұрышы» құрылып, қызметкерлер үшін ай сайын «Кітап оқу сағаттары» ұйымдастырылады. Оның нәтижесі бойынша мамандардың рейтингі қалыптастырылады.

Еске салайық, былтыр Өзбекстан Сенаты кітап оқығаны үшін сотталғандардың түрмеде отыру мерзімі қысқартуға бағытталған заңды мақұлдады.

Қоса кетсек, 2025 жылдан бастап Қазақстанда Ұлттық кітап күні тойланып келеді.

 

Соңғы жаңалықтар