Өзбекстанда лаңкестік әрекет жасады деген күдікпен іздеуде жүрген азамат Қазақстаннан табылды
АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астаналық тәртіп сақшылары «Іздеу» операциясының барысында лаңкестік әрекеттерге қатысты болуы мүмкін деген күдікпен өзбекстандық ішкі істер қызметкерлері тарапынан іздеуде жүрген 23 жасар азаматты қолға түсірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораздың айтуынша, Өзбекстан азаматы полиция қызметкерлерінің қолына түскенде өзін Ахметов Сайдулла Махмудұлы деп таныстырған. Ал бұл мәліметтерді тексеру барысында аталған азаматтың 1986 жылы туылған С.М.Әкбаров екендігі анықталды. Ол өзбекстандық тәртіп сақшылары тарапынан лаңкестік әрекеттерге қатысты деген күдікпен іздеуде жүрген. «Қазіргі таңда өзбекстандық қамауға алынып, Минск конвенциясына сәйкес, оны еліне экстрадициялау шаралары жүргізілуде», деді Н.Ораз.