Өзбекстанда олимпиадашылар медальдармен, атақтармен және көліктермен марапатталды
ТАШКЕНТ. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов өзінің Жарлығымен Олимпиада жүлдегерлерін құрметті атақтар және медальдармен марапаттады, деп хабарлайды «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігінен.
Жарлықта атап өтілгендей, Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында қол жеткізген жоғары нәтижелер, халықаралық аренада Отан абыройы мен беделін көтергені үшін Өзбекстанның дзюдодан құрама командасының мүшесі Ришод Собировке, Өзбекстанның еркін күрес бойынша құрамасының мүшесі Сослан Тигиевке «Узбекистон ифтихори» («Өзбекстан мақтанышы») құрметті атақтары берілді.
Бұдан басқа, «Өзбекстан Республикасының құрметті спортшысы» атағы Өзбекстанның бокс бойынша құрамасының мүшесі Аббос Атоевке берілді. Ал елдегі еркін күрес бойынша құраманың мүшесі Артур Таймазов «Эл-юрт ҳурмати» орденімен марапатталды.
Өткен ХХХ Олимпиада ойындарында Өзбекстан төрт медальді жеңіп алды, соның ішінде біреуі алтын және үшеуі қола болып келеді.
Өзбек интернет-басылымдарының хабарлауынша, алтын медаль иегері А.Таймазов Chevrolet Malibu жаңа көлігінің кілтін алады. Лондондағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері А.Атоевқа, Р.Собировқа және С. Тигиевке Chevrolet Lacetti автомобильдері тапсырылады.