Өзбекстанда ортағасырлық екі жасырын қала табылды — шетелдегі қазақ баспасөзі

Қытай баспасөзі
Фото: Коллаж/Kazinform

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ғалымдар балықтың жаңа түрін ашты — ӨзА

балық
Фото: uza.uz

Өзбекстандық ғалымдар Ферғана аңғарындағы су қоймаларынан ғылым үшін бұрын белгісіз болған балықтың жаңа түрін анықтады, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агеттігі.

Бахтиёр Шералиев жетекшілік ететін Ферғана мемлекеттік университетінің ихтиолог ғалымдары Ферғана аңғары мен Өзбекстанның басқа аймақтарындағы балықтардың түрлік құрамы, биологиясы және экологиясына қатысты ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Бахтиёр Шералиевтің айтуынша, соңғы бірнеше жылдағы Орталық Азия су қоймаларын ихтиологиялық тұрғыда зерттеу нәтижесіне орай, бұл аймақта әлі де толық зерттелмеген түрлер көп. Өткен жылдары Шахимардан өзенінен «Triplophysa ferganaensis» және Сох өзенінен «Triplophysa daryoae» сияқты балық түрлерінің табылуы осыған дәлел. Жақында жүргізілген зерттеулеріміздің нәтижесінде «Dzihunia pseudоаmudarjensis» түрі анықталды. Қызығы, жаңадан табылып жатқан балық түрлерінің көпшілігі осы өңірге ғана тән эндемик түрлер.

«Жаңа түр өзінің жақын туыстарынан бүйір сызығындағы қабыршақтар санының көптігімен (84-86 дана), жіңішке құйрық сабағымен, арқа және құйрық жүзбе қанаттарының төмен орналасуы және көздерінің арасындағы қашықтықтың кеңдігімен ерекшеленеді», — деп түйіндейді «ӨзА».

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Қазақстанда жол құрылысы саласында жаңа технология сынақтан өтуде» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

жол құрылысы
Фото: uza.uz

«ӨзА» бұл ақпаратты ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап хабарлаған.

Атап айтқанда, Қазақстан Жол ғылыми-зерттеу институты мамандары мемлекеттік маңызы бар жолдарда ауа температурасы -10 градуста асфальт төсеуге мүмкіндік беретін арнайы технологияны сынақтан өткізуде.

Елдің Көлік министрлігінің хабарлауынша, бұл жаңалық әсіресе солтүстік аймақтар үшін маңызды, себебі суық маусымда жол құрылысының мүмкіндігін кеңейтуге қызмет етеді.

Жаңа қоспа суға және қатал климаттық жағдайларға төзімді, төмен температурада беріктігін сақтайды.

Қазақстандық өндірушілер өз өнімдерін VII Қытай халықаралық импорт көрмесінде ұсынды — «Халық газеті»

VII Қытай халықаралық импорт көрмесі
Фото: kaz.people.cn

50-ден астам қазақстандық компания өз өнімдерін Шанхайдағы VII Қытай халықаралық импорт көрмесінде ұсынды.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» басылымы ҚР сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Айта кетейік, олардың ішінде жеңіл өнеркәсіп өнімдері, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тауарлары бар. Сондай-ақ келушілердің назарына жаңа технологиялық әзірлемелер ұсынылды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев көрме қазақстандық өндірушілер қытайлық серіктестермен ынтымақтастықты нығайта алатын бірегей алаң саналатынын атап өткен. Оған жыл сайын 300 мыңға жуық сатып алушы келеді.

Сауда және интеграция министрінің айтуынша, биыл қазақстандық тауарлар «Азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдері» павильонында ғана таныстырылған жоқ, 2 есеге ұлғайып, 50-ден астам қазақстандық компаниялар әкелінген. Олардың ассортименті құрамына май өнімдері, сусындар, бал, тоқыма, ет өнімдері кіреді. Мұндағы басты жаңалық, алғаш рет коммерциялық павильоннан бірден онлайн сатуды қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ ұлттық павильон цифрландыру тақырыбына бағытталған. Іс жүзінде цифрлық Жібек жолын көрсетіп, технологиялық жетістіктер ұсынылмақ.

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қытай-Қазақстан темір жолы жүк тасымалының жаңа желісі ашылды» деген ақпарат жарық көрді.

Қытай-Қазақстан темір жолы жүк тасымалының жаңа желісі ашылды
Фото: kaz.people.cn

Атап айтқанда, 6 қарашада 45 жиынтық контейнерлік автокөлік бөлшектері тиелген «Қытай-Еуропа» (Орталық Азия) пойызы Шыңжаңдағы Тарбағатай Шиху темір жолының жүк алаңынан Қазақстанның Алматы қаласына жолға шықты. Бұл Қытайдың Шыңжаң Тарбағатай аймағы Шиху қаласынан Қазақстанның Алматы қаласына бет алған пойыз бағытының ашылғанын білдіреді.

Шиху станциясы Шыңжаңның орталығы Үрімжіден 260 шақырымдай жерде орналасқан. Биыл қыркүйек айында Шиху станциясы ресми түрде Шыңжаңдағы Қытай-Еуропа (Орталық Азия) жүк пойызы бағытының жоспарлы жүк стансасына қосылып, өзінің жүк тарату әлеуетін толық қамтамасыз етті.

Айта кету керек, Шиху станциясынан шыққан пойыздар Шиху мен оған жақын аудандарда арнайы ауыл шаруашылық және өнеркәсіптік өнімдер үшін тиімді және ыңғайлы халықаралық логистикалық арнаны қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Еуропа, Орталық Азия және басқа да елдердің жоғары сапалы өнімдері Шыңжаңға, тіпті бүкіл мемлекеттік нарыққа шығуына ыңғайлы болды.

Қазақстан халқының, әсіресе жас ұрпақтың парсы тілін үйренуге деген қызығушылығы -Parstoday

Парсы тілін үйреніп жүрген қазақтар
Фото: parstoday.ir/kz

«Иранның Қазақстандағы мәдени кеңесшісі Қазақстан халқының, әсіресе, осы елдің жас ұрпағы парсы тілін үйренуге деген қызығушылықтарын хабарлады», — деп жазды Parstoday ақпарат агенттігі.

Иранның Қазақстандағы мәдени кеңесшісі Бехруз Аббасзаденің айтуынша, бұрынғымен салыстырғанда, Қазақстан халқының, әсіресе, осы елдің жас ұрпағы, сонымен қатар парсы тілін ұсынатын университет орталықтарының саны айтарлықтай артқан.

Parstoday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Аббасзаде парсы тілін жаһандық деңгейде таратудың маңыздылығына тоқталып, парсы тілі бір ұлттың, тіпті елдің тілі емес. Ол философиялық-мистикалық ойдың ең бай түрлерін, сөз эстетикасын және дыбыстық, бейнелік, каллиграфия, салт-дәстүрді, адамзатқа тән әдет-ғұрып ләззатын қамтитын ортақ мұра екенін айтқан.

Иранның Қазақстандағы мәдени кеңесшісінің мәлімдемесіне қарағанда, парсы тілі бүгінде сөздік қоры мен заман талабына сай басқа елдерде ілгерілету мүмкіндігіне ие.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, қазіргі уақытта парсы тілі 120 миллионнан астам парсы тілінде сөйлейтін және осы тілмен таныс 50 миллионға жуық адам бар әлемдегі алғашқы он тілдің бірі болып табылады.

Сонымен қатар парсы тілі веб-контентте ең көп қолданылатын сегізінші тіл.

Көп балалы отбасыларға үй сатып алуға қолдау көрсетілді — Harajorga

Көп балалы отбасыларға үй сатып алуға қолдау көрсетілді 
Фото: mp.weixin.qq.com

Әлеуметтік жағдайы төмен кейбір өңірлерде көп балалы отбасылардың үй сатып алуына қолдауды арттыру қолға алынды, деп хабарлайды Harajorga әлеуметтік желісі.

Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, 19 қазан күні Мемлекеттік кеңес мекемесі «Балалы болуды қолдау саясатын дамытып, кемелді қоғам құруды ілгерілету жөніндегі шараны» жариялап, балалы болуды қолдаудың желілес шараларын бастады.

Аталған шарада көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету саясаты көзделген болатын. Атап айтқанда, кейбір экономикалық жағдайы төмен өңірлердегі көп балалы отбасылардың үй сатып алуына қолдауды арттырып, тұрғын үй қорының қарыз ақша беру мөлшерін жоғарылату сияқты шаралар қолға алынбақ. Алдағы ұсынылған бағдарламаға сай келетін жасөспірім балалары бар отбасыларға, олардың балаларының санына қарай үйді белгілеп, көмек жасауға болады. Сондай-ақ, тұрғын үйді жалға беруді де дамытып, жергілікті жағдайға қарай тұрғын үй жалдауға, сатып алатындарға сатып алатындай мүмкіндік беруге қызмет жасау керек, екені айтылады.

Өзбекстанда ортағасырлық екі жасырын қала табылды — TRT

Ортағасырлық жасырын қала
Фото: trt.net.tr/kazakh/turki-liemi

Америка Құрама Штаттары (АҚШ) Вашингтон университетінің ғалымдары Өзбекстанның биік тауларынан Жібек жолы тарихы үшін үлкен маңызы бар екі көне қала тапты.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, зерттеушілер аймақтағы дронға негізделген лидар сканерлері арқылы Ташбұлақ және Тұғынбұлақ деп аталатын ортағасырлық қалалардың егжей-тегжейлі карталарын жасаған.

Майкл Фрачетти бастаған топ лидар технологиясымен қалалардың алаңдарын, қабырғаларын, жолдарын және тұрғын үйлерін зерттеді.

«TRT»-ның дерегінше, екі мың метр биіктіктегі бұл қалалар сол кезеңде тауда дамыған сауда орталықтарының бірі ретінде көзге түседі.

Тұғынбұлақ 120 гектарлық аумақтағы сол кезеңнің ең ірі қалаларының бірі болуы мүмкін деп жорамалдануда.

«Тұғынбұлақтағы қалыңдығы үш метрлік топырақ қабырғалармен қоршалған ғимарат қалдықтарының жергілікті темір шеберлерінің болат өндіретін зауыты болуы мүмкін. Бұл жаңалық Орталық Азияның Жібек жолындағы маңызын көрсететін мағлұмат береді. Сонымен қатар алдағы зерттеулерде аймақ тарихына қатысты тың жаңалықтар ашылуы мүмкін», — деп жазады «TRT».

Соңғы жаңалықтар
telegram