Өзбекстанда Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның әскери оқу-жаттығуы өтіп жатыр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстандағы «Каттакурган» полигонында Қазақстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Қырғызстан қорғаныс күштерінің «Бірлік – 2025» әскери оқу-жаттығуы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер заманауи ұрыс тәсілдерін біресіп пысықтап жатыр. Атап айтқанда, оларға тактикалық дайындық, байланыс және әскери-медициналық көмек көрсету бойынша міндеттер қойылған. Тиісінше, олар бұл бағыттарда өзара тәжірибе алмасып жатыр.

Өзбекстанның Қорғаныс министрлігінен атап өткендей, мұндай оқу-жаттығу ел әскерлерінің әлеуетін арттырып, ықтимал қатерлердің алдын алуға бағытталған шараларды өзара келісе отырып жүргізуге ықпал етеді.

Еске салайық, былтыр қарашада Қазақстан мен Өзбекстанның әскери қызметшілері бірлесіп, «Фориш» таулы полигонында «Hanjar-2024» тактикалық арнайы оқу-жаттығуын өткізген болатын.

Сондай-ақ, таяуда Ильхам Әлиев 2026 жылы Әзербайжанда ТМҰ елдерінің әскери жаттығуларын өткізуді ұсынған еді.

