Өзбекстанда Севара мен Наргизден асатын әншілер енді таныла бастайды
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Елге танымал «Дауыс»/»The Voice» және «Жұлдыздар фабрикасы» сынды шоу жобалар енді Өзбекстанда да қолға алынды, деп жазады Sayyod.com.
Енді Ресей мен Қазақстанда танымал болған өзбекстандық Севара мен Наргиздің жетістігін қайталап, тіпті одан да асырғысы келетін жергілікті дарындылар отандық сахнада бағын сынамақ. Сайттың мәліметіне сүйенсек, Өзбекстанның Премьер-министрі Шавкат Мирзияевтің биыл 14 тамыздағы қаулысымен құрылған жастардың мәдениет және өнер орталығы қызметіне кіріскен. Бүгінде «Эътироф» («Мойындау») рәсімін ұйымдастыруымен айналысқан орталықтың алдағы жылға белгілеген жоспары көп. Орталық мамандарының айтуынша, жастардың шетелдің музыкалық шоуына деген қызығушылығы енді арман емес, өйткені ондай жобалар өз елінде де пайда болады. Айта кету керек, Өзбекстанның екі әншісі - Севара Назархан мен Наргиз Закирова 2012 және 2013 жылдары ресейлік Бірінші арнадағы «Дауыс» жобасында ақтық кезеңге дейін жетті.