Өзбекстанда сотқа тартылған Қазақстанның 27 азаматы елге қайтты - ҚР СІМ
АСТАНА. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Өзбекстанда сотқа тартылған Қазақстанның 27 азаматы бүгін пойызбен Қоңырат қаласынан Қазақстанның Бейнеу стансысына аттанып кетті. Бұл туралы бүгін брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, Өзбекстанда еліміздің 27 азаматына болған сот процесі аяқталып, маусымның 24-інен 25-іне қараған түні олар босатылған. Қазақстандықтардың ешқайсысы да қамауға алынбайды. Сот үкімі шыққаннан кейін олар айыппұлды толық төлегенге дейін қамауда ұсталуы мүмкін деген жорамал болған. Алайда сотталғандардың барлығы бірдей қолхат жазғаннан кейін қысқа мерзім ішінде оларды Өзбекстан аумағынан шығарып жіберу туралы шешім қабылданды. Ағымдағы жылғы ақпанның 26-сынан бері қамауда ұсталып келген ақтөбеліктер Қазақстанға ертең жетеді.