Өзбекстанда тәулік бойы жұмыс істейтін туристік орталықтар құрылады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда туристік саланы дамыту аясында «Әр маусымдағы саяхат», «Өзбекстанда тағы бір күн» және басқа да жобалар іске асырылмақ.

Узбекистан, туристические центры
Фото: advantour.com

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шавкат Мирзиёев туристерді тарту бағытында қолға алынып жатқан жобалармен танысты.

Мәселен, саяхаттап келгендер үшін ең тартымды саналатын 12 аудан мен қалада туристік орталықтар құру жоспарланып отыр. Ондағы мейрамхана, кафе, сауықтыру орындары мен бассейндер тәулік бойы үздіксіз жұмыс істемек.

Курорттық аймақтар мен ойын-сауық кешендерінде халықаралық брендтер, жібек маталар, кәдесыйлар, зергерлік бұйымдар мен алтын құймалар дүкені ашылады. Ол үшін 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін туристік орталықтардағы кәсіпкерлер үшін жер мен мүлікке салынатын салық мөлшерлемесі 90%-ға төмендейді, ал 2026 жылдың 1 наурызына дейін олар зергерлік және алтын бұйымдарды өндіруге қажетті жабдықтар мен технологияларға кедендік баж салығынан босатылады.

Биылдан бастап «Өзбекстанда тағы бір күн» бағдарламасы іске асырылады. Ол облыстардың туристік объектілері және аудан мен қалалар арасындағы өңірлік саяхат бағыттарын байланыстыратын республикалық туристік маршуруттарды құруды көздейді.

Сонымен қатар, «Әр маусымдағы саяхат» бағдарламасын қолға алу қарастырылған. Оның шеңберінде көктем және күзде экологиялық, экстремалды, медициналық және сауықтыру туризмін, жазда су және курорттық, қыс мезгілінде шаңғы туризмін ілгерілету жөніндегі шаралар іске асады. Туристік маусымдардың ашылуына орай фестивальдар өтеді.

Өзбекстанның туристік әлеуетін шетелде ілгерілету мақсатында «Туризм елшілері» институты енгізіледі. Екі жылда бір рет мамыр айында 2 млн доллар жүлде қорымен «Өзбекстанның жібек маталары» халықаралық сән апталығы өтеді.

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев аталған ұсыныстарды мақұлдап, экотуризмді одан әрі дамыту, мүгедек адамдардың саяхаттауы үшін қажетті жағдай жасау бойынша бірқатар тапсырма берді.

Еске сала кетейік, былтыр Өзбекстанда туристік ағынның орташа жылдық өсімі 20%-дан асты. 2023 жылы қаңтар-қараша айлары аралығында елге 6 млн 134 мың шетелдік турист келген.

Соңғы жаңалықтар