Өзбекстан жыл соңына дейін шетелдік 7 млн туристті қабылдамақ

Жыл басынан бері Өзбекстанға 6 миллионнан астам шетелдік турист келді
Фото: pexels.com

Туризм индустриясы Өзбекстан экономикасының ең жылдам дамып келе жатқан әрі перспективалы секторларының біріне айналды. Бұл туралы жылдың қорытындысына арналған брифингіде Өзбекстан туризмді дамыту комитетінің туристік қызметтерді әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Иброхим Барнаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

«Талдауға сәйкес, пандемиядан кейін Өзбекстанда туристік ағынның орташа жылдық өсімі 20%-дан асты. Биыл қаңтар-қараша айларында елге 6 млн 134 мың шетелдік турист келді. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 7 миллионға жетеді деп болжанып отыр. Осы жылдың 11 айында туристік қызметтердің экспорты 2 млрд доллар болған. Бір шетелдіктің елде болған уақытындағы орташа шығыны 326 доллар (2021 жылы 224 доллар). Ал 2024 жылы туристік қызметтері экспортын 2,5 млрд долларға жеткізу бойынша шаралар қабылданады», - деді Иброхим Барнаев.

Спикердің айтуынша, ішкі туризмді дамытуға бағытталған «Өзбекстанға саяхат» бағдарламасы бойынша биыл 20 млн турист саяхаттайды деп жоспарлаған. Дегенмен 11 айда бұл көрсеткіш 20,6 млн-ға жетті.

Ол үшін туризм, мәдениет, спорт және қолөнер бағытында жергілікті және республикалық ауқымдағы 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылған. Бұл жергілікті туристер қатарының артуына ықпал етті.

«Жалпы туристік сала бойынша 1 қарашаға дейін жалпы құны 8,1 трлн сум (658 млн доллар) болатын 448 жоба іске асырылды. Осының арқасында 8 191 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін 1,4 трлн сумға тағы 60 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жыл басынан бері туристік және онымен байланысты салаларда 70 мың жаңа жұмыс орны ашылды», - деп түйіндеді Иброхим Барнаев.

Соңғы жаңалықтар