Өзбекстанда ұшақтарды лазермен нысанаға алу жағдайы жиілеген

ұшақ
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстанда ұшақтардың ұшып-қонуы кезінде лазер сәулесімен кедергі жасау жағдайлары жиілеп кеткен. Кейінгі 5 айда осындай 6 оқиға тіркелген. Бұл туралы UzNews жазды. 

Өзбекстан әуежайы жолаушылар мен экипаждың өміріне қауіп төндіретін лазер қолданушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салды. 

2023 жылы 10 жағдай, 2024 жылдың 1 қаңтары мен 10 мамыры аралығында 6 жағдай тіркелді. Мұндай оқиғалар туралы деректер экипаж мүшелерінің айтуы негізінде анықталды.

Компания мұндай әрекеттері үшін азаматтар Өзбекстан Республикасының Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің 116-1 бабы бойынша (Әуе кемесін пайдалану кезінде лазер сәулесімен кедергі жасау) жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін еске салды. Осы бапқа сәйкес, әуе кемесіне лазер сәулесін бағыттау арқылы кедергі жасау – айыппұл салуға немесе құқық бұзушылық заттары тәркіленіп, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар