Өзбекстанда ұсталған Қазақстанның ересек азаматтары бұл елді екі-үш күн ішінде тастап кете алады

ТАШКЕНТ. 29 шілде. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Өзбекстанда ұсталған ҚР ересек азаматтары бұл елді екі-үш күн ішінде тастап кете алады.

Өзбекстанда ұсталған Қазақстанның ересек азаматтары бұл елді екі-үш күн ішінде тастап кете алады

Бұл туралы агенттік тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан республикасының Өзбекстандағы Елшілігінің консулы Бабур Дәуренбек хабарлады.

Жұма, 29 шілдеде ҚР консулы Ташкент облыстық ІІБ Оңалту орталығында ұсталып отырған төрт ересек азаматпен кездесті. Қазақстандық азаматтарға бару кезінде ол жоғарыда аталған орталықтың басшысы Икрам Тиллаевпен әңгімелесіп, ол елшілік өкіліне ұсталған азаматтардың елдеріне қайту мәселесі екі-үш күн ішінде шешімін табатынына сендірді, осы мәселе бойынша жоғары органдардың тиісті тапсырмасы да болып шықты.

Консулдың айтуынша, еліміздің төрт азаматы - Хайртин Файзуллин, Ербол Оразалин, Марс Садықов пен Данияр Файзуллиннің жағдайы жақсы, дәрігерлік көмекті қажет етіп отырған жоқ. Қант диабетімен ауыратын М.Садықов дәрігерлердің бақылауында, оның денсаулығына қауіп жоқ. Аталмыш азаматқа дәрі-дәрмектер жеткізілді.

Ұсталған топтың басшысы Е.Оразалиннің айтуынша, Қазақстан азаматтары Өзбекстан аумағына адасып кіруі салдарынан тұтқындалған.

Атап өтер жәйт, қазақстандық БАҚ тарапынан өзбекстандық билік өкілдерінің ұсталған жеткіншектерді босату үшін айыппұл сұрап отырған деген ақпараты жалған болып табылады, деп атап өтті Б.Дәуренбек.