Өзбекстанда зейнет жасы кезең-кезеңімен көтерілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанда зейнеткерлік жасты біртіндеп көтеру ұсынылды. Қолданыстағы тәртіп бойынша ер адамдар 60 жаста, ал әйелдер 55 жаста зейнетке шықса, жаңа ұсыныс бойынша бұл жас ерлер үшін 63-ке, әйелдер үшін 58 жасқа дейін ұлғайтылмақ.

Өзбекстанда зейнет жасы кезең-кезеңімен көтерілмек
Фото: Nuz.Uz

Өзбекстанның Экономика және қаржы министрлігі қоғамдық талқылауға Президент жарлығының тиісті жобасын ұсынды.

Құжатқа сәйкес, зейнеткерлік жасты 2028 жылдан бастап жыл сайын үш айдан кезең-кезеңімен көтеру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2039 жылға қарай ерлердің зейнетке шығу жасы 63 жасқа, әйелдердікі 58 жасқа жетеді.

Ұсынылып отырған өзгерістер халықтың өмір сүру ұзақтығының артуын ескере отырып, азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңі мен зейнетақы алатын кезеңі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Зейнеткерлік жасты көтеру кезеңінде зейнет жасына жақындаған азаматтарға бірқатар кепілдіктер беру де қарастырылған. Атап айтқанда, жұмыс берушілерге қызметкерді тек оның зейнеталды жасына жеткеніне байланысты жұмыстан шығаруға немесе жұмысқа қабылдаудан бас тартуға тыйым салынбақ.

Сондай-ақ жұмыссыз деп танылған азаматтардың зейнетке белгіленген мерзімнен екі жыл бұрын шығу құқығын сақтау ұсынылып отыр.

Ал жер астындағы, зиянды және ауыр еңбек жағдайларында толық жұмыс күнімен еңбек ететін азаматтар үшін қолданыстағы жеңілдіктер сақталады.

Құжат бойынша қоғамдық талқылау 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Бұған дейін Германияда зейнет жасын 70 жасқа дейін көтеру ұсынылған еді.

Қазақстанда зейнеткерлер неге еңбек етуді таңдайды мына мақаладан оқыңыз.