Өзбекстанда жеке тұлғалардың шетелден тауар әкелуіне шектеу күшейтілді

ТАШКЕНТ. Kazinform — Өзбекстанға ұшақпен келген жеке тұлғалар қазір құны 2000 долларға дейінгі тауарларды, ал пойызбен келгендер құны 1000 долларға дейінгі тауарларды баж салығынсыз әкелуге құқылы. Үкімет қаулысымен 1 мамырдан бастап бұл шектеу сәйкесінше 1000 және 500 долларға дейін төмендейді

Өзбекстанда жеке тұлғалардың шетелден тауар әкелуіне шектеу күшейтілді
Фото: ӨзА

Өзбекстан үкіметі ұшақпен және пойызбен келетін жеке тұлғалардың жеке, коммерциялық емес мақсаттары үшін республикаға әкелінетін тауарларына баж салығынсыз әкелу тарифтерін төмендетті.

Премьер-министр қол қойған қаулыға сәйкес, 2025 жылдың 1 мамырынан бастап тауарларды бажсыз әкелу нормалары келесідей белгіленеді:

әуе көлігінде — 1000 доллар (қазіргі уақытта 2000 доллар);

теміржол және су көлігінде — 500 доллар (қазіргі уақытта 1000 доллар);

автокөлік (жаяу) өткізу пункттері арқылы — 300 доллар (өзгеріссіз);

халықаралық курьерлік жөнелтілімдер арқылы — айына 200 доллар (қазір тоқсанына 1000 доллар);

халықаралық пошта арқылы — 100 доллар (өзгеріссіз).

Коммерциялық емес мақсатта тауарларды темір жол және су көлігімен және автомобиль өткізу пункттері арқылы әкелетін тұлғаға, егер адам шет мемлекетте 2 тәуліктен аз, ал әуе көлігінде 3 тәуліктен аз болса, бажсыз әкелу нормалары қолданылмайды деп белгіленді. Бұл ретте бұл тауарлар бажсыз әкелу нормасынан асып кеткен деп танылады және тауарлардың толық құнынан бірыңғай кедендік төлем алынады.

Балама құны 5 000 АҚШ долларына дейінгі тауарларды, экспорттық кедендік баждар салынатын тауарларды қоспағанда, жеке тұлғалар республикадан кедендік декларацияны ұсынбай әкете алады.

Сондай-ақ құжатта кедендік құны мен саны импорт процесінде бөлек бақылауға жататын тауарлардың тізбесі бекітілді. Тізімге 70 түрлі тауар түрлері кіреді. Оларға тұрмыстық техника, азық-түлік, әртүрлі киім-кешек пен аяқ киім, тазалау және жууға арналған заттар, ойыншықтар, дөңгелектер, металл бұйымдар жатады.

— Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан шекаралық кеден бекеттерінде азаматтардың уәкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының заңды талаптарына бағынбауына, қарсылық көрсетуіне, қоғамдық тәртіпті бұзуына жол бермеу мақсатында Кеден комитетімен ынтымақтастық орнатсын, — делінген қаулыда.

Еске сала кетейік, Өзбекстан шетелдіктер үшін «алтын виза» енгізуді жоспарлап отыр

Соңғы жаңалықтар