11:15, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Өзбекстанда жоғары лауазымды шенеунік 15 жылға сотталды
ТАШКЕНТ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Расул Бахамов/ - Өзбекстанда біраз уақыт бойы Самарқанд облысының әкімі міндетін атқарған Аъазамхон Бахромов 15 жылға бас бостандығынан айрылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өзбек бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап. Сотта А.Бахромов пен оның сыбайластарына Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 20-дан астам бабы бойынша айыптар тағылды. Атап айтқанда олар бопсалау, пара алу, аса ірі көлемде мемлекет қаражатын талан-таражға салу, заңға қайшы келетін, қоғамдық тәртіпке және тұлға құқықтарына қарсы бағытталған, билік органдарының жұмыс тәртібіне зиян келтірген әрекеттер жасаған қылмыстық топтар құру және т.б. фактілер бойынша істі болып отыр. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттері тек Самарқанд облысын ғана емес, Қарақалпақстан мен Жызақ облысын да қамтыған. А.Бахромовтың өзі тікелей банк жүйесі арқылы 40 миллиард сумға жуық қаржыны (шамамен 28 миллион АҚШ доллары) заңдастырып үлгерген.