Өзбекстанда жол апатынан Қазақстанның үш азаматы көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өзбекстан Республикасының Науаи облысында болған ірі жол-көлік апаты салдарынан Қазақстанның үш азаматы көз жұмды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзбекстанда жол апатынан Қазақстанның үш азаматы көз жұмды

«2019 жылдың 3 тамызында Науаи облысы Нұратин ауданындағы «Нұрата-Жизақ-Фариш» автожолының 136-шақырымында «Нексия» автокөлігі жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кетіп, «Исузу» жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жеңіл автокөлікте жүргізушімен бірге 7 адам отырған. Оның екеуі бала», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Соқтығыс салдарынан оқиға орнында Қазақстан Республикасының 3 азаматының (1952, 2013 және 2016 жылы туған) көз жұмғаны хабарланып отыр.

«ҚР-дың тағы үш азаматы айтарлықтай жарақат алып, Нұратин ауданының Медициналық мекемесінің жансақтау бөліміне жеткізілді. Бүгінгі таңда олардың бәрі есін біліп жатыр. Бірақ, жағдайлары ауыр», - деді ведомстводан.

Қазақстандық дипломаттар зардап шеккен азаматтар мен олардың туған-туыстарына барынша көмек көрсетуде.

«Көз жұмған және зардап шеккен ҚР азаматтарының бәрі де Өзбекстаннан көшіп келген азаматтар. Бәрі бір-біріне туыс. Осыған байланысты, туған-туыстары ажал құшқандарды Өзбекстан аумағына жерлеу туралы шешім қабылдап отыр», - деп хабарлады ҚР СІМ-нен.