Өзбекстандағы ҚР Елшілігінде дауыс беру белсенді жүріп жатыр

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстандағы ҚР Елшілігінде Қазақстан Парламенті Мәжілісіне дауыс беру белсенді жүруде.

Өзбекстандағы ҚР Елшілігінде дауыс беру белсенді жүріп жатыр

Белгіленген тәртіпке сәйкес №217 сайлау учаскесі ӨР-дағы ҚР Елшілігінде жергілікті уақыт бойынша сағат 06.00-де ашылды және 07.00-ден бастап Өзбекстан аумағында тұратын Қазақстан азаматтары дауыс бере бастады.

Сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Наурыз Айдаров агенттікке берген сұхбатында хабарлағандай, бүгінгі елшілікте консулдық есептегі Қазақстан азаматтары белсенді түрде дауыс беруді бастады. «Сайлауға үлкен дайындық жүрді. Қызметкерлер өңірлерге шығып, азаматтармен кездесті, сайлауға қатысуға шақырды», - деп мәлімдеді дипломат.

Бұдан басқа, тапсырыс хаттармен өңірдегі ҚР азаматтарына шақырту жіберілді. Өзбекстанның орталық баспа басылымдарында ҚР Президентінің сайлау туралы хабарландыруы жарияланды, деп атап өтті ол.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының материалдары, бюллетень толтыру тәртібі, ақпараттар тиісті үлгіде қабырғаға ілінді. «Дауыстарды есептеу 20.00-де дауыс беру рәсімі аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады, заңға сәйкес хаттама елшілік стендіне ілінеді», - деп сөзін түйіндеді комиссия төрағасы.