Өзбекстандық саясаттанушы: Жолдау Қазақстанның жаңа даму бағдарын айқындайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы ел дамуының жаңа моделін айқындайды. Онда экономикалық әлеуетті арттыру, технологиялық ілгерілеу, халықтың әл-ауқатын жақсарту және егемендікті нығайту міндеттері біртұтас стратегияға біріктірілген. Мұндай пікірді саясаттанушы, Г. В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті Ташкент филиалының доценті Равшан Назаров Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Өзбекстандық саясаттанушы: Жолдау Қазақстанның жаңа даму бағдарын айқындайды
Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Сарапшы Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы тұсында жарияланған Жолдаудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қазір ел саяси, әлеуметтік-экономикалық және технологиялық дамудың жаңа кезеңіне бет бұрып отыр.

— Жолдаудың басты ерекшелігі — Қазақстанның дамуы тек экономикалық өсім тұрғысынан емес, егемендікті нығайту, халықтың өмір сапасын жақсарту, қоғамдық институттарды жаңғырту және ел дамуының ұзақ мерзімді моделін қалыптастыру тұрғысынан да қарастырылады, — деді Равшан Назаров.

Саясаттанушы Жолдауда экономикалық дербестік мемлекеттік егемендіктің басты шарттарының бірі ретінде қарастырылғанына назар аударды. Осыған орай Президент бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға, өнеркәсіпті дамытуға, инвестиция тартуға және еңбек өнімділігін арттыруға басымдық беріп отыр. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда «Халықтық құрылыс» бағдарламасының да орны ерекше. Бағдарлама аясында 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланған.

— Инфрақұрылымды дамыту өңірлердің ұзақ мерзімді өсіміне серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді. Алайда бұл ретте қаржының тиімді игерілуі, жобалардың ашық жүргізілуі және олардың нақты қайтарымы да назардан тыс қалмауға тиіс, — деді сарапшы.

Президент цифрландырудың жекелеген жобаларымен шектелмей, толыққанды цифрлық экономика қалыптастыру міндетін қойып отыр. Сарапшы бұл ретте «Digital Qazaqstan» стратегиясын жүзеге асыру, есептеу инфрақұрылымын кеңейту және жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен қаржы салаларында қолдану елдің бәсекелестік әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

— Қазақстан жаһандық технологиялық өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, жаңа цифрлық экономикадан өз орнын табуды көздейді. Бұл үшін заманауи техника мен бағдарламалық қамтамасыз ету ғана емес, білікті кадрлар, жоғары оқу орындарындағы ғылыми зерттеулер, халықтың цифрлық сауаттылығы және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу де шешуші рөл атқарады, — деп санайды саясаттанушы.

Сарапшының айтуынша, Жолдаудың әлеуметтік бағыты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру, медицина қызметкерлерінің жекелеген санаттарының еңбекақысын арттыру, ауруханалар мен мектептер салу, сондай-ақ әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж жандарға бағыттау міндеттерінен көрініс тапқан.

— Реформалардың нәтижесін тек қаржыландыру көлемі мен пайдалануға берілген нысандар санымен өлшеуге болмайды. Ең бастысы — халықтың сапалы білім мен медициналық қызметке қол жеткізуі, табысының артуы, жастарға жаңа мүмкіндіктердің ашылуы және өңірлер арасындағы даму алшақтығының қысқаруы. Себебі мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігі, ең алдымен, адами капиталға байланысты, — деді Равшан Назаров.

Саясаттанушы Жолдаудың геоэкономикалық маңызы зор тағы бір бағыты ретінде көлік-логистика саласын атады. Оның пікірінше, теміржолдар мен автомобиль жолдарын, шекара инфрақұрылымы мен Транскаспий бағыттарын дамыту Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Еуразиядағы көлік байланыстары жүйесі үшін де маңызды.

— Бұл бастамалар Өзбекстанның да мүддесіне сай келеді. Қазақстанмен көлік-экономикалық ынтымақтастықты нығайту екі ел арасындағы сауда-саттықты кеңейтіп, өнеркәсіп саласындағы әріптестікті жандандыруға және жаңа өндірістік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті саясаттанушы.

Сарапшы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді де Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі деп атады. Оның айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, бюрократиялық кедергілерді азайту, басқару үдерістерін цифрландыру және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру көзделген. Бұған қоса ол мемлекет, қоғамдық институттар мен азаматтардың ортақ жауапкершілігін айқындайтын «Adal Azamat» тұжырымдамасының мәніне тоқталды.

— Бұл жерде мемлекеттік институттарға деген сенім мен қоғам бірлігін нығайту мәселесі де сөз болады. Өзгерістердің нәтижесі мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдердің халықтың күнделікті өміріне қаншалықты әсер ететініне байланысты, — деді сарапшы.

Равшан Назаровтың пікірінше, Жолдау елдің ішкі күн тәртібімен ғана шектелмейді. Өйткені өңірдегі жетекші мемлекеттердің бірі саналатын Қазақстандағы өзгеріс бүкіл Орталық Азияға әсер етеді. Халықаралық ахуал құбылған тұста өңірлік ынтымақтастықты нығайту, көлік байланысын дамыту, су ресурстарын бірлесіп басқару, энергетика және экология мәселелерін ортақ шешудің маңызы арта түседі.

— Мұнда ұлттық даму үлгілерін біріздендіру емес, мүдделерді үйлестіру және экономикалық әлеуеттерді өзара толықтыру туралы сөз болып отыр. Қазақстанның инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және өнеркәсіпті жаңғырту бағытындағы бастамалары бүкіл өңірдің дамуына серпін береді, — деді ол.

Саясаттанушының сөзінше, ендігі басты мәселе — бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыру. Бұл үшін мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы, ресурстарды ұтымды пайдалану, жеке капитал тарту және нәтижелерді тұрақты бағалау қажет.

— Жолдаудың негізгі идеясы — бүгінгі мәселелерді шешумен шектелмей, елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз қалау. Түптеп келгенде, барлық өзгерістің басты өлшемі халықтың өмір сапасын жақсарту, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беру және қоғамның сенімін нығайту болуға тиіс, — деп түйіндеді сарапшы.

Бұған дейін Президент Жолдауы Қазақстанның жаңа даму моделін айқындайтыны туралы Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясы ШЫҰ зерттеу орталығының директоры Ли Лифаньның пікірін жариялаған едік.