Өзбекстандық Silk Way Star байқауының қатысушысы гранд-финалдағы басты қарсыласын атады
АСТАНА.KAZINFORM - Азиядағы алғашқы вокалдық Silk Way Star мега-жобасының өзбекстандық қатысушысы Мадинабону Адылова байқаудан алған әсерін бөлісіп, «Bugin.Live» бағдарламасында ең мықты қарсыласын атады.
Әншінің айтуынша, жобаға қатысушылардың деңгейі өте жоғары, сондықтан бәсекелестік туралы айту қиын. Алайда барлық қатысушы ішінен ол Армениядан келген Саро Геворгянды ерекше атап өтті.

- Біз мұнда бәріміз кәсіпқой әншіміз, бәрі шетінен мықты. Бірақ қарсылас туралы айтар болсақ, мен армениялық Саро Геворгяннан озғым келер еді. Ол өте мықты. Менің ойымша, ол осы жобадағы ең талантты әрі ең кәсіби әнші. Оның әр орындауы керемет, - деді Мадинабону Адылова.
Әнші мұны бәсекелестік емес, жеке шығармашылығын бағалау екенін атап өтті. Ол сондай-ақ қатысушылар арасындағы достық атмосфераны атап өтіп, әріптестермен эфирден тыс байланысы туралы айтты.

- Біздің арамызда достық қатынас орнады. Жиі сөйлесеміз. Біздің ортақ чатымыз бар, бәріміз бір-бірімізбен араласамыз, - деп қосты әнші.

Айта кетейік, Азияның ең мықты жеті дауыс иесі финалдық кезеңге өтті:
•ALEM (Қазақстан)
•Язмин Азиз (Малайзия)
•Автандил Абесламидзе (Грузия)
•Мишель Джозеф (Моңғолия)
•Чжан Хэ Суань (Қытай)
•Саро Геворгян (Армения)
•Мадинабону Адылова (Өзбекстан)
Гранд-финал 22 қарашада өтеді және сағат 20:00-де Jibek Joly TV арнасында тікелей эфирде көрсетіледі. Хабарлар бір мезгілде Қазақстан, Әзербайжан (Space TV), Тәжікстан (Safina), Қырғызстан (Muzika және Madania) және Моңғолияда (UBS және AIST Global) көрсетіледі.

Жеңімпаз аралас жүйе бойынша анықталады: 50% қазылар алқасы және 50% онлайн көрермендердің дауыс беруі арқылы. Сіз де өзіңізге ұнаған әншіңізді silkwaystar.org сайтында қолдай аласыз.
Silk Way Star Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен China Media Group (CMG) арасындағы келісім бойынша жүзеге асырылып жатыр.