Өзбекстандық азаматтар Қазақстан шекарасынан насыбай салынған түйіншектерді алып өтпек болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстаннан Қазақстанға қарай мемлекеттік шекараны бұзып өткені үшін ұсталған үш адамның бірінің сөмкесінен 32 түйіншекке бөліп салынған насыбай табылды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.
None
None

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты «Сарыағаш» шекара отрядының «Достық» шекара заставасының шекара наряды 22 қазанда сағат 00.30 шамасында түн қараңғылығын пайдаланып Өзбекстаннан Қазақстанға қарай мемлекеттік шекараны бұзып өткен үш Өзбекстан азаматын (1978 жылы туған бір ер адам мен 1972, 1977 жылдары туған екі әйел адамды) ұстады.

38 жастағы Азиза есімді әйелдің қол жүгінен әрқайсысы 100 грамдық, 32 түйіншекке салынған насыбай табылды. Мемлекеттік шекараны бұзу дерегінің өзі қылмыстық іс екендігі өз алдына, үстіміздегі жылдың 18 сәуірінен бастап, Қазақстан Республикасының «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, құрамында никотин мен шайырлық заттары шектен тыс көп темекі өнімдерін ел аумағына енгізуге, дайындауға, сатуға және таратуға тыйым салынған. Оның ішіне насыбай да бар.

Енді ұсталған азаматтар насыбай тасымалдағаны үшін де жауапқа тартылатын болады.

Соңғы жаңалықтар