Өзбекстандық делегация Алматының сумен қамту технологиясымен танысады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық сумен қамту жүйесінің озық технологияларымен танысуға Өзбекстан мен Астана қаласынан делегация келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалада «Smart Almaty» концепциясын жүзеге асыру мақсатында су құбыры-кәріз шаруашылығы процесін цифрландыру, автоматтандыру қолға алынған.
Бүгін цифрландыру тәжірибесін алмасу және өндірістік жұмыс бағыттарымен бөлісу мақсатында Алматы су мекемесіне Ташкент және Астанадан әріптестер келді. Кездесу барысында жаңа технологияларды енгізу тақырыбында конференция өтті.
«Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Ермек Үсенбаевтың айтуынша, кәсіпорынның барлық нысандары мен желілері цифрлы жүйеге ауыстырылған.
«Өтініштерді қабылдау және тарату жүйесі автоматтандырылған. Өндіріске жаңа технологиялық жүйелер енгізілген. Соның арқасында бүгін біз едәуір нәтиже көріп отырмыз, сонымен қатар электр қуатын үнемдеуге болады. Апаттық жағдайларды шұғыл түрде алдын алып, су шығыны азайды», - деді Ермек Үсенбаев.
Оның айтуынша, автоматтандыру жүйесін енгізуден кейін электр қуатын үнемдеу көрсеткіші 5%-ға (сағатына 1,6 млн.кВт) көтерілді. Су шығыны 5%-ға, апаттық жағдайлар 10%-ға қысқарды. Құбырларды пайдалану мерзімі 15%-ға ұзартылды. Еңбек қауіпсіздігінің көрсеткіші 100 %-ға жеткен.
Арнайы келген делегацияға жаңа арнайы техникалар көрсетілді. Қаладағы басты мәселелердің бірі кәріз құбырларының ластануы, соның өзі экологиялық ортаны бұзуға әсер етеді. Шетелдіктерге коллекторларды тазалайтын және де құбырлардың бітеліп қалуының алдын алатын көлік таныстырылды.
Сонымен қатар, кәсіпорында қызмет ететін бақылаушылар электросамокаттармен қамтамасыз етілді.
Су ағындарын анықтау мақсатында трасса және ағындарды анықтайтын құрылғылар, телеинспекцияның заманауи түрлері сатып алынды.
Айта кету керек, Алматы билігі «Цифрлы су арнасы» бағдарламасын қабылдады. Бұл құжат бойынша 2019-2020 жылдары мекемедегі суды өндіруден бастап, халыққа таратуға дейінгі үдерісті автоматты жүйеге өткізу жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыру кезінде электр қуаты үнемделеді, апаттық жағдайлар азаяды және де апаттық жағдайлардың алдын алу уақыты қысқарады, жабдықтардың тозу деңгейі төмендейді. Сонымен бірге қызмет көрсету сапасы жақсарады.