Өзбекстандықтар бес айда отанына 4 млрд доллардан астам ақша аударған

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – 2022 жылдың бес айында Өзбекстанға аударылған ақша көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61%-ға артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Өзбекстанның Орталық банкіне сілтеме жасап.

Өзбекстандықтар бес айда отанына 4 млрд доллардан астам ақша аударған

Қаржы реттеушісінің мәліметінше, бес ай ішінде елге 4,19 млрд доллар сомасында трансшекаралық аударымдар түскен.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,58 млрд долларға (61%) көп.

Валюта айырбастау операцияларының көрсеткіштері де күрт өскен.

2022 жылғы қаңтар-мамырда банктер халықтан 4,32 млрд долларға валюта сатып алған.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 млрд долларға немесе 59%-ға артық.

Тек мамыр айының өзінде сатып алу көлемі 1,05 млрд долларды құрады.

Бұл ретте банктер халыққа 2,8 млрд доллар сатты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,7 млрд долларға немесе 70%-ға көп.