Өзбекстанға есірткі және психотропты таблеткалар алып бара жатқан жігіт ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шекарада ұсталған 26 жастағы жігіттен есірткі және психотропты таблеткалар табылды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Өзбекстанға есірткі және психотропты таблеткалар алып бара жатқан жігіт ұсталды

Оңтүстік өңірлік басқармасына қарасты «Жібек жолы» шекаралық бақылау бөлімінде шекара жасағы кедендік және шекаралық тексеру арасында кезекте тұрған жолаушылар арасынан «Клементина» атты, есірткі заттарын табуға арнайы үйретілген иттің «көрсетуімен», біздің елімізден Өзбекстанға қарай кетіп бара жатқан Александр есімді 26 жастағы азаматты ұстады.

 

Ит қателеспепті, ұсталған азаматты жеке шығарып тексеру барысында оның қалтасынан «Спайс» деп аталатын синтетикалық есірткі зат (4 граммнан астам) және 50 данадан астам «Трамадол» деп аталатын апиын тектес психотропты таблеткалар табылды. Ұсталған азамат айғақты заттарымен бірге құқық қорғау органдарына тапсырылды.