10:24, 23 Қараша 2022 | GMT +5
Өзбекстанмен шекара арқылы өтетін энергия ресурстарын есепке алу жетілдірілмек
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісі Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы кедендік шекара арқылы өтетін энергия ресурстарын бақылау туралы келісімді ратификациялайтын заң жобасын қарайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Палатаның Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайыновтың айтуына қарағанда, аталған құжат Мәжіліске 2022 жылғы 3 қарашадағы Үкіметтің № 862 қаулысы бойынша енгізілген.
«Осы Келісім Қазақстан – Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша өткізілетін энергия ресурстарына бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық шарт шеңберінде екі тараптың өкілдері өзара қажетті мәліметпен алмасып, екі мемлекет арасындағы кедендік шекара арқылы өткізілетін энергия ресурстарын есепке алу аспаптарына қол жеткізуге және олардың көрсеткіштерін алу бойынша бірлескен іс-шараларды жүргізетін болады.
Қаржы және бюджет комитеті Заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді депутат.