Өзбекстанның мәдениет министріне Қырғызстанның халық әртісі атағы берілді

БІШКЕК. KAZINFORM — Бүгін, 13 желтоқсанда Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Өзбекстанның Мәдениет министрі Озодбек Назарбековке Қырғыз Республикасының халық әртісі құрметті атағын берді. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өзбекстанның мәдениет министріне Қырғызстанның халық әртісі атағы берілді
Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы мәдениет — Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ тарих, тіл мен дәстүрге байланысты достық қарым-қатынастарды нығайтудың маңызды буыны болып табылатынын атап өтті.

— Сіздің шығармашылық жолыңыз көпшілікті шабыттандырады, — деді президент Озодбек Назарбековке.

15 желтоқсанда Қырғыз ұлттық филармониясында Назарбековтың қатысуымен музыкалық кеш өтеді.

Өзбекстанның Мәдениет министрі өз кезегінде оның еңбегіне көрсетілген құрмет пен жоғары баға үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар, Озодбек Назарбеков Өзбекстанның халық әртісі (2010), Түрікменстанның еңбек сіңірген әртісі (2020) және Тәжікстанның халық хофизі (2024) атақтарына ие болған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қырғызстанда 2025 жылдан бастап таңбаланбаған жанармай айналымына тыйым салынады.