Өзбекстанның мемлекеттік органдары сыйлықтар туралы ақпаратты жария етуге міндеттелуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстанда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жария етуі тиіс әлеуметтік маңызды деректер тізімін кеңейту қарастырылып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Президент жарлығының тиісті жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлерінің жұмыс іссапарлары кезінде алған сыйлықтары туралы тоқсан сайын ақпарат жариялауға міндетті болуы мүмкін. Бұл ретте қызметкердің заңға сәйкес өз қалауы бойынша иелік етуге құқығы бар сыйлықтарға ерекшелік жасалады. Мемлекеттік қызметкерлер шетелдік сапарлар мен халықаралық іс-шаралар кезінде сыйлықтарды қабылдай алатынын, бірақ олардың құны 1,648 млн сумнан (шамамен 67 мың теңге) аспауы тиіс екенін атап өткен жөн.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен ұйымдар алған демеушілік және қайырымдылық көмек, соның ішінде ақша, мүлік, қызметтер және басқа да қолдау түрлері туралы ақпаратты жариялау ұсынылып отыр.
Бұдан басқа, мемлекеттік органдар мен ұйымдар алған демеушілік және қайырымдылық көмек, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар мен 50% немесе одан да көп мемлекеттік үлесі бар компаниялар аударған қаражат туралы тоқсан сайынғы ақпаратты жариялау ұсынылды.
Бұл ақпаратты ресми сайттар және ашық деректер порталында үнемі жариялау жоспарланып отыр.