Өзбекстанның Наманган қаласында 65-ші халықаралық гүлдер фестивалі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанның «гүлдер қаласы» атанып кеткен Наманган қаласында 65-ші халықаралық гүлдер фестивалі өтіп жатыр. Бұл туралы Анадолы агенттігі мәлім етті.

Өзбекстанның Наманган қаласында 65-ші халықаралық гүлдер фестивалі ашылды
Фото: Анадолы

Тарихы 1961 жылдан бастау алатын мереке 24 мамырда басталып, 2026 жылдың 12 шілдесіне дейін жалғасады.

Елдегі ең маңызды мәдени іс-шаралардың бірі саналатын фестивальге 500-ге жуық жергілікті және шетелдік бағбан, флорист пен дизайнер қатысты. Мұнда сирек кездесетін түрлерді қоса алғанда, гүлдердің 1000-нан астам сұрыпы ұсынылған.

Өзбекстанның Наманган қаласында 65-ші халықаралық гүлдер фестивалі ашылды
Фото: Анадолы

Іс-шара аясында Наманганның «гүлдер қаласы» ретіндегі беделін нығайту мақсатында қала бойынша заманауи ландшафтық және дизайнерлік шешімдермен безендірілген стендтерге, декоративтік бұйымдар мен миниатюраларға шамамен 120 түрлі гүлдің 150 миллион түбі отырғызылмақ.

Дәстүрлі автопарад та жоспарланған. Оның аясында тірі гүлдермен безендірілген түрлі маркалы 200-ден астам көлік Наманган халықаралық әуежайынан Бабыр саябағына дейінгі 10 шақырымнан астам жолды жүріп өтеді.

Фестивальдің басты алаңы — Бабыр саябағында шамамен 8 гектар аумақта 250-ден астам бағбан, флорист және дизайнер дайындаған ауқымды гүл композициялары қойылған. Сондай-ақ саябақ аумағында келушілер үшін 12 арнайы фотозона жасақталған.

Биыл фестиваль аясында шамамен 150 миллион гүл көшетін отырғызу жоспарланып отыр. 2018 жылғы фестивальде Наманганда 4,5 миллион гүл егілсе, 2023 жылы — 35 миллион, 2024 жылы — 45 миллион, ал 2025 жылы шамамен 100 миллион гүл отырғызылған.

Биыл фестивальге 50-ден астам елден 1 миллионнан аса шетелдік турист және шамамен 7 миллион жергілікті тұрғын келеді деп күтілуде.

Фестивальге байланысты қаладағы қонақүйлердің толу деңгейі 95 пайызға жеткен.

Гиннестің рекордтар кітабына өтінім берілді

Биылғы фестиваль аясындағы халықаралық бастамалардың бірі — Гиннестің рекордтар кітабына өтінім беру болды.

Фестиваль алдында, 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында, рекорд орнату мақсатында Наманганда шамамен 30 миллион гүл отырғызылған. Бүкіл процесс халықаралық стандарттарға сай құжатталып, қажетті құжаттар мен деректер Guinness World Records ұйымына жолданған.

150-ден астам іс-шара өтеді

Фестиваль аясында концерттер, театрлық және цирктік қойылымдар, гала-кештер, сән көрсетілімдері, жәрмеңкелер мен мәдени бағдарламаларды қамтитын 150-ден астам халықаралық және ұлттық іс-шара ұйымдастырылады.

Бағдарламада жергілікті және шетелдік әртістердің, сондай-ақ Өзбекстан ұлттық симфониялық оркестрінің қатысуымен ашық аспан астындағы концерт өтеді. Сонымен қатар Fashion Week 2026 аясында Түркияны қоса алғанда, көптеген елдердің дизайнерлері дайындаған гүлді топтамалар ұсынылады.

Сондай-ақ «Лаванда фестивалі», «Аспандағы көктем» тақырыбындағы 500-ден астам дрон қатысатын шоу, «Намангандағы әлем дәмдері» гастрономиялық іс-шарасы, Мақом өнері бойынша III халықаралық конференция, халықаралық этноспорт ойындары, Азия әйел кәсіпкерлер форумы, III халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесі, Үнді мәдениеті мен киносы күндері жоспарланған.

Фестиваль барысында Нидерланд, Жапония және Түркия мамандарының қатысуымен флористика бойынша шеберлік сабақтары, сондай-ақ балаларға арналған гүл отырғызу, икебана және сурет салу үйірмелері өткізіледі.

Фестиваль 12 шілдеге дейін жалғасады. Фестиваль аумағындағы 8 кіреберіс қақпада өзбек, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген 60-тан астам ерікті қызмет көрсетеді.

Фестивальдің жабылу салтанаты Аңыздар алқабы саябағында гала-концерт форматында өтеді. Онда түрлі аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталады.

Гиннестің рекордтар кітабына енуге ниетті

Наманган қаласының хокимі Шавкат Абдуразаков Anadolu агенттігіне берген сұхбатында 65-ші халықаралық гүлдер фестивалінің биылғы ерекшелігі — ұйымдастырушылардың Гиннестің рекордтар кітабына енуді мақсат етіп отырғанында екенін айтты.

Абдуразаковтың сөзінше, «Бір ай ішінде команда отырғызған ең көп гүл саны» аталымы бойынша өтінім рәсімделген. Ол сертификатты фестивальдің ашылу салтанатында алуға үміт білдірді.

Ол Наманганның Өзбекстандағы маңызды тоқыма орталықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ Түркиямен тоқыма және құрылыс салаларында бұрыннан тығыз ынтымақтастық орнағанын айтты.

Оның айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер түркиялық инвесторлармен бірге «мақтадан дайын өнімге дейін» қағидаты бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр.

2024–2025 жылдары Наманганға тартылған 4 миллиард доллар шетелдік инвестицияның шамамен 600 миллион доллары түркиялық серіктестерге тиесілі екенін айтты.

Наманган мен Испарта қалалары арасындағы ерекше қарым-қатынасқа тоқталған Абдуразаков екі қаланың да «гүлдер қаласы» ретінде танымал екенін еске салып, 2018 жылы олардың арасында бауырластық туралы хаттамаға қол қойылғанын жеткізді. Сонымен қатар Испартадағы раушан майы мен раушан суын өндіру тәжірибесі Наманган кәсіпкерлері тарапынан кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, жыл сайын өтетін гүлдер фестиваліне Түркиядан инвесторлар, кәсіпкерлер мен туристер қатысады. Ол түркиялық қонақтарды Намангандағы бұл көркем фестивальге келуге шақырды.

Бұған дейін Өзбекстанда Құрбан айтқа орай 10 мың балаға жасалатын ота шығындарын мемлекет өтейтінін жаздық.